Қазақстандық шпажист Кирилл Проходов Жапонияның Нагоя қаласында өтіп жатқан Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Әлі де жасөспірімдер санатында өнер көрсетіп жүрген 19 жастағы спортшы жекелей сында финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде әлемдік семсерлесудің көшбасшыларының бірі, Жапония өкілі, екі дүркін Олимпиада чемпионы Коки Каномен кездесті.

Проходов жарысты сенімді бастап, топтық кезеңдегі алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне шықты.

1/16 финалда қазақстандық шпажист Катар өкілі Абдулрахман Аль-Джадраны 15:2 есебімен айқын жеңді.

1/8 финалдағы Китай Тайбэйінің өкілі Илу Гастон Гийемоға қарсы кездесу Кирилл үшін турнирдегі ең күрделі жекпе-жектердің бірі болды. Кездесу барысында Проходов 10:12 есебімен жеңіліп жатқанымен, жекпе-жектің барысын өзгертіп, 15:14 есебімен жеңіске жетті.

«Бұл бүгінгі ең қиын жекпе-жек болған шығар. Бір сәтте есепте артта қалып қойдым, бірақ өзімді жинақтап, кездесудің барысын өзгерте алдым. Мұндай сәттерде ең бастысы — соңына дейін күресті тоқтатпай, зейінді жоғалтпау», — деді Проходов.

Ширек финалда Кирилл Қытай құрамасының тәжірибелі өкілі Минхао Ланмен кездесіп, 15:7 есебімен сенімді жеңіске жетті. Осы жеңістің арқасында қазақстандық спортшы Азия ойындарының жүлдесін өзіне қамтамасыз етті.

Жартылай финалда Проходовтың қарсыласы Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, бұған дейін әлем чемпионатында үздік сегіздікке енген Гонконг өкілі Хой Сун Фонг болды. Кирилл 15:13 есебімен жеңіске жетіп, жекелей сынның финалына жолдама алды.

Шешуші кездесуде Проходов қазіргі заманның ең атақты шпажистерінің бірі Коки Каномен кездесті. Жапониялық спортшы — Токио-2020 Олимпиадасының командалық сындағы және Париж-2024 Олимпиадасының жекелей сындағы чемпионы, әлем чемпионы әрі әлемдік рейтинг көшбасшыларының бірі. Финалдық жекпе-жек 13:15есебімен аяқталды. Нәтижесінде Кирилл Проходов Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды.

«Эмоциям керемет. Бұл — ересектер деңгейіндегі менің алғашқы жеке медалім, сондықтан оның мен үшін маңызы өте зор. Нәтижеге өте ризамын. Мен әлі де жасөспірімдер арасында өнер көрсетемін, бірақ соңғы уақытта деңгейімнің қаншалықты өскенін сезіп жүрмін. Бұл ретте Александр Горбачукпен жұмыс істеу үлкен рөл атқарды. Құрамадағы рөлім де өзгерді: өткен жылы мен бесінші нөмір болып, қосалқы құрамда едім, ал қазір өзімді негізгі құрамның толыққанды мүшесі ретінде сезінемін. Барлығының осылай қалыптасып жатқанына өте қуаныштымын», — деді Кирилл.

Азия ойындарының күміс жүлдесі Проходовтың жасөспірімдер деңгейінен ересектер семсерлесуіне қарқынды өтуінің заңды жалғасы болды. 2024–2025 жылдары Кирилл жасөспірімдер арасындағы ірі халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жүлдеге ие болды. Оның еншісінде кадеттер мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаттарының жеке жүлделері, кадеттер арасындағы Азия кубогындағы жеңіс және жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогының жекелей сынындағы алтын медаль бар.

Сонымен қатар Проходов Қазақстанның ересектер құрамасындағы орнын нығайта бастады. 2025 жылы ол командалық сында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. 2026 жылы Қазақстан құрамасымен бірге Делиде Азия чемпионы, ал Гонконгта әлем чемпионы болды. Енді командалық жетістіктеріне Азиядағы ересектер арасындағы ең ірі мультиспорттық жарыстағы алғашқы жеке медалі қосылды.

Проходовтың айтуынша, жаңа деңгейге көтерілуіне Қазақстанның тәжірибелі ерлер құрамасымен бірге жұмыс істеуі де маңызды әсер етті.

«Мен екі жылдан бері құраманың негізін ұзақ жылдар бойы құрап келе жатқан жігіттермен бірге өнер көрсетіп жүрмін. Осы командаға сіңісіп кеттім деп айта аламын. Жасы үлкен жігіттер маған көп көмектесіп, ақыл-кеңестерін айтып отырады. Ел ішінде арамызда бәсеке бар және ол өсуге көмектеседі. Бірақ халықаралық жарыстарға келгенде бұл бәсеке екінші орынға қалады: мұнда біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін күресеміз, бір-бірімізді қолдаймыз», — деді спортшы.

Проходовтың келесі үлкен мақсаты — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алу. Сонымен қатар оның жасөспірімдер деңгейіндегі соңғы маусымы алда тұр. Бұл кезеңдегі басты жеке мақсаттарының бірі — әлем чемпионатының алтынын жеңіп алу.

«Бірінші кезектегі мақсатым — 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына іріктелу. Бірақ алдымда жасөспірімдер арасындағы соңғы жылым бар, сол себепті әлем чемпионатында жеңіске жетуді өте қалаймын. Атқаратын жұмыс әлі көп», — деді Проходов.

Қазақстан семсерлесу федерациясының президенті Мирболат Әбуов Проходовтың нәтижесін ұлттық құрамадағы буындар сабақтастығының маңызды көрсеткіші деп бағалады.

«Кириллдің нәтижесі біз үшін ерекше маңызды, өйткені ол құрамадағы буындар сабақтастығын көрсетеді. Федерация үшін және Қазақстандағы семсерлесуді дамыту үшін қазіргі көшбасшылардың жанынан тек тәжірибе жинап қана қоймай, біртіндеп нәтиже үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын жаңа буынның қалыптасуы маңызды. Кирилл жасөспірімдер арасындағы халықаралық жарыстардан бастап, ересектер құрамасының сапында Азия және әлем чемпионаттарының алтынына дейінгі жолдан өтті. Бүгін біз оның дамуының келесі кезеңін — жекелей сындағы жоғары нәтижесін көріп отырмыз.

Мұндай сабақтастық бір маусымда қалыптаспайды. Оның артында құрама ішіндегі бәсеке, жаттықтырушылардың жұмысы, спортшылардың халықаралық тәжірибесі және ұлттық құраманы мемлекет тарапынан жүйелі қолдау тұр. Біздің міндетіміз — осы қарқынды сақтап, жас спортшылардың ересектер деңгейінде өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасау», — деді Мирболат Әбуов.

Қазақстандық семсерлесушілердің жетістіктері Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан семсерлесу федерациясының бірлескен жүйелі жұмысының, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ және Sport Qory қорының қолдауының нәтижесі.

Қазақстандық шпажистердің Азия ойындарындағы жарысы мұнымен аяқталған жоқ. 27 қыркүйекте Қазақстанның ерлер құрамасы командалық сында жүлделер үшін күресті жалғастырады.